Жастардың талпынысы жаңаша... /Индира Тәліпқызы/

Жастардың ғылыми әлеуеті мен шығармашылық белсенділігін дамытуға бағытталған көрме еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу бағытындағы қарышты қадамдарының бірі және дәстүрлі емес энергия көздері тақырыбына арналған инновациялық жобалар арқылы «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін қолдау, халық арасында кеңінен насихаттап, облыс жастарының ғылымға қызығушылығын арттыру болып табылады. Жастар шығармашылығы насихатталған көрмені облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов ашып берді.

- Елбасымыз өз Тәуелсіздігін алғалы бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің сапына ену жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңге бойлаған төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне де ұйытқы бола алдық. Кешегі Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы Жаһандық мәселелер талқыға түсіп, жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты. Ең бастысы, даму бағытымыз айқындала түсті. Осындай көшпелі істердің жалғасы ретінде Қазақстан тағылымды тарихы бар EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болып, бүгінгі таңда қызу дайындық жұмыстарына да білек сыбана кірісіп кеттік. Астанада өтетін EXPO-2017 халықаралық көрмесіне «Болашақ энергиясы» тақырыбы таңдап алынғаны белгілі. Қалай десек те, EXPO сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген керемет мүмкіндік. Сондықтан біздің жаңашыл ғылымға бет бұрған жастарымыз да осы шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілуіне өз үлестерін қосуға міндетті. Қазіргі уақытта елімізде 412 ғылыми ұйым және онда жұмыс істейтін 18 мың қызметкерлер бар екен. Ғылымсыз экономика да, өндіріс те алға жылжымайтыны анық. Ал дамыған 30 елдің қатарына енудің басты көрсеткіші – ғылымға көңіл бөлу. Қазақстандық ғылымның басты бағыты - әлемдік мәні бар жаңа технологияларды жасау және оны іске қосу, сонымен еліміздің инновациялық жүйесін жүзеге асыру және қалыптастыру үшін нақты бизнесті ауқымды тарту. Себебі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай отандық ғылымның жетістіктері және оның таяу болашағы ұлттық идея мен саясаттың тірегі. Өңірлер арасында «жасыл экономикаға» қатысты жобаларды жүзеге асыруда Жамбыл облысы алда тұр. Мұны соңғы жылдары Әулиеата жерінде электр қуатын жаңартылған немесе балама көздерден өндіру бойынша іске асырылып жатқан ауқымды жобалардан байқаймыз. Олардың қатарында Шу ауданындағы Тасөткел су электр стансасы да бар. Бұған дейін облыста күн және жел электр стансалары пайдалануға берілген болатын. Шу ауданында қуаты 9,2 мВт құрайтын гидроэлектр стансасы халыққа мінсіз қызмет көрсетуде. Стансаның қуаты 95 мың халқы бар Шу ауданымен қоса тағы бір ауданды жарықпен қамтамасыз етуге толық жетеді. Қазақстанда алғашқы өнеркәсіптік деңгейде жұмыс істейтін күн электрстансасы да осы біздің Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданы аумағында іске қосылған. Бүгінде 504 кВт электр қуатын өндіріп отырған станса болашақта электр қуатын 7 мВт-қа дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіпорын толыққанды жұмыс істегенде 70 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, 200-ден астам үйге жарық береді. Дәл осы Қордай ауданындағы екі бірдей желден энергия өндіретін электр стансасы бар. Желден қуат көзін өндіру жұмысы су мен күнге қарағанда әлде қайда арзан. Қазірдің өзінде 1 500 кВт қуат көзін өндіріп отырған жел электр стансасы Қазақстандағы желден энергия алатын тұңғыш электр стансасы болып саналуда. Сонымен қатар Жуалы ауданындағы күн электр стансасының құрылысы облысымыздағы Индустрияландыру картасына енгізілген тоғыз жобаның бірі. Станса толық қуатында жұмыс істегенде аймақтың энергияға деген қажеттілігінің едәуір бөлігін өтейтін болады. Аталған жобалардың қызметімен «ЭКСПО-2017» көрмесіне келетін шетелдік қонақтар да танысып, тамсанатын болады. Міне, осындай жетістіктер барда біздің жастарымызға ғылыммен айналысуға мүмкіндік мол деп есептеймін. Ел ғылымының болашағы жастар, сіздердің қолдарыңызда. Сіздердің білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз, қарымды азаматтық көзқарастарыңыз біздің мемлекетіміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға ықпал етері сөзсіз. Ғылым саласының қажырлы қайрат пен темірдей төзімділікті талап ететіндігі белгілі. Сондықтан өздерінің алтын уақытын осы жолда сарп етіп жүрген бүгінгі көрмеге қатысушы жастардың шығармашылық ойларын іске асыруда табыстар тілеймін! – деді ол.

Аталған көрменің бірінші іріктеу кезеңіне облыстағы ірі кәсіпорындардан жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан, мектептердегі жас ғалымдарден 35 жоба келіп түсіп, арнайы құрылған сараптамалық комиссияның іріктеуінен ақтық кезеңге 28 жоба жолдама алған. Көрмеге қатысқан жас ғалымдар «Заманауи компрессор және мұнайайдау бекеттері», «Жел энергетикалық қондырғы», «Қол жетімді дайын баспана», «Өсімдік қалдықтарынан биоэтанол өндіру», «Ауылдық жерлерде альтернативті энергия көздерін қолдану», «Күннің энергиясын пайдалана отырып, жылыжайда банан өсіру» тағы басқа көптеген тың идеяларға арқау болған ғылыми жобаларын қорғап, ел назарына ұсынды. Сондай маңызды жобаның бірін қазақ-түрік экономикалық есеп коллежінің 2-курс білімгері Әйгерім Тілеуқұлова мен Жазира Әбілқайырованың «Тазалық мәдениетінің өлшемі, ойландырмай ма ол сені?» деп аталатын жұмысы болды. Жас ғалымдардың айтуынша, еліміздегі қоқыс қалдықтарын қайта өңдеп, өндіріске, өнеркәсіпке қажетті заттарды өндіруге болады.

- Барлық қоқыс қалдықтарын зауытқа әкелеміз, онда қоқыстар іріктеліп жеке-жеке өңделетін болады. Ал қолданысқа жарамсыздарын өртейміз. Одан шыққан күлден цемент өндіреміз. Қарап тұрсаңыз, ешбір қалдық қалмайды. Ауаға да қиын жоқ, себебі ауаны ластамайтын фильтр орнаттық. Сондай-ақ тамақ қалдықтарынан биогаз өндіруге әбден болады. Одан жылу және жанар жағармай ала аламыз,-дейді талабы таудай білімді қыздар.

Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, бұл көрмеге қатысушылардың барлығы да озат идеяларымен ерекшеленген.

Елбасы Жолдауында айтылған заманауи ғылымды коммерцияландыру да осы жобалардан бастау алады. Бұл іс-шара озық технологиялық жобаларды түрлі кәсіпорындар мен шаруашылық жүргізуші субъектілерге қолдау көрсету мақсатын көздейді. Көрмеге қатысушылардың жұмыстары жобаның өзектілігі мен ғылыми жаңалығы, жұмыстың тәжірибелік мәнділігі бойынша бағаланбақ . Үздік шыққан жоба авторлары «Астана ЭКСПО-2017 «халықаралық көрмесіне Жамбыл облысы атынан ұсынылатын болады.

Жас ғалымдардың жұмысымен облыс әкімдігінің басқарма басшылары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және кәсіпкерлер палатасының өкілдері де танысып шықты.

Жамбыл-Тараз (Тараз), № 19 (1254), 06.05.2015,т

 

Біздің байланыс

Қазақстан Республикасы, Алматы қ., A05C9Y3
Гоголь көшесі, 111
Тел.: +7 (727) 244 55 66, 244 55 77
Факс: +7 (727) 278 07 76
Э-пошта: