«Даму» демеген нысандар /Сандуғаш Шортанова/

Қазақстан Республикасының үкіметі кәсіпкерлікті дамытуға шындап ден қойып отыр. Ол үшін арнайы бағдарламалар жасақталып, іске аса бастады. Соның жемісі і ретінде «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан Маңғыстауда қолдау тапқан кәсіпкерлік нысандары БАҚ өкілдеріне таныстырылды.

Бірінші нысан Шығыс-2 шағын ауданында орналасқан 75 орындық жекеменшік балабақша. Аталған тұрғын үй массивінде 276 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Алайда мұнда бір де бір бөбекжай болған емес. Сондықтан ата-аналар кішкентай бүлдіршіндерін үйде қалдыруға не қала орталығындағы балабақшаларға   тасымалдауға   мәжбүр   болатын. Малика Еленова 2 жастағы немересін дүние есігін ашқаннан бастап балабақша кезегіне қойған екен. Алайда әзірге кезегі келе қоймапты. Сондықтан ол кішкентай Айлинаны жаңадан ашылған жекеменшік балабақшаға беріп отыр. «Баланың ата-анасы да, мен де күні бойы жұмыстамын. Жеке тәрбиешілер қызметі қымбат. Мемлекеттік балабақшадағы кезегіміз келмеген соң, баламызды осында бере тұрайық деп шештік. Кейін мемлекеттік балабақшадағы кезегіміз келгенде, баланы сол жаққа ауыстырамыз» дейді Малика Еленова.

Балабақша 3 топқа есептелген: бірінші қабатқа 1,5 мен 3 жас аралығындағы кіші топ балалары орналастырылады. Олар үшін ойын және жатын бөлмелері, арнайы санитарлық торап пен кіру есіктері қарастырылған. Қалған екі жоғарғы топ екінші қабатта болады. Далада әр топқа арналған ойын алаңдары бар. Сонымен бірге балабақшада жертөле қабаты да орналасқан. Онда балалардың ағылшын тілі, қазақ тілі, арифметика сабақтарына арналған бөлмелер мен гимнастикалық және акт залдары бар. Осындай балабақшада уақыт өткізу құны 35 мың теңге. «Мен мұнда үшінші баламды әкеліп отырмын. Балабақшамыз бар, енді тағы бірнеше баланы дүниеге әкелуге дайынмын. Себебі бала - біздің болашағымыз. Солар аман болсын, жағдай жасалсын. Бұл балабақша жекеменшік   болғанымен,   болашақта   мемлекеттік «Балапан» бағдарламасына қатысады деді. Бұл балабақшаның қызмет құнының жартысын мемлекет төлеп тұрады екен. Бұл ата-аналар үшін тағы бір үлкен көмек болар еді» дейді ата-ана Жанымгүл Бисенғалиева.

Кәсіпкер Гүлмира Ораз-баева болса, «егер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры болмағанда, ата-аналар мен балаларды қуанта алмас едім» дейді. Оның Шығыс-2 шағын ауданында 2 қабатты үйі болған. Сол үйін балабақша етіп, қайта жасақтау үшін оған қомақты қаржы керек болған. Екінші деңгейлі банктердің несие пайызы жоғары. Нақты қаржы тағы жоқ. Сөйтіп жүргенде бір танысынан «Даму» қорының кәсіпкерлерге көмектесетінін естіп, сонда барады. Қор өз кезегінде кәсіпкерге қаржы көзін тауып берді. Жобаны «Ресей Жинақ банкі» ААҚ қаржыландырған. Кәсіпкерге 5 жылға дейін жылына 14%-бен 15 000 000 теңге көлемінде несие берілді. Ал кәсіпкер болса, кепілге несиенің барлық құнының 30%-ын берді, ал қалған 70%-ын «Даму» қоры өз мойнына алды. « Несие 14%-бен берілгенімен, мен соның тек 7%-ын ғана төлеймін, ал қалған бөлігі пайыздық мөлшерлеме бөлігін қаражаттандыру ретінде мемлекет тарапынан өтеледі. Бүл ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін үлкен көмек» дейді кәсіпкер Гүлмира Оразбаева.

Келесі   нысан   «Берекет-Ф»   ЖШС «Ақ нек» сүт өнімдерін шығаратын зауыты болды. Компания 1997 жылдан бері Маңғыстау облысы аумағында өнімдерін шығарып, күннен-күнге өрістеп келеді. Мысалы, зауыт 2 жыл бұрын 15 түрлі тауар өндірсе, 2015 жылы олардың саны 40-қа жетті. Пастерленген сүт, айран, әртүрлі майлылықтағы қаймақ, қатық, аққырау, сүзбе, құрт, ірімшіктердің бірнеше түрі бар. Қазіргі уақытта «Ақ нек» зауыты маңғыстаулықтарды «Таң» сусынын шығарумен қуантуда. «Зауыт тәулігіне 20 тонна өнім шығарады. Шикізат Белоруссиядан әкелінеді. Өнім құрғақ сүтті қалпына келтіру жолымен шығарылады. Шығарылатын өнім толығымен сертификатталады және тек қана Маңғыстау облысы аумағында жүзеге асырылады» дейді «Ақ нек» ЖШС директоры Асхатжан Ибраев.

Аталып отырған зауыт өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламасының қатысушысы. Жоба «Қазақстан Халық банкі» тарапынан қаржыландырылған. Аталмыш бағдарлама 10 жылға дейінгі ұзақ мерзімге несиені 6%-бен алуға мүмкіндік береді. Ал ол өз кезегінде кәсіпкердің зауыт қызметінің негізгі артықшылығы болып табылатын тауар өнімінің бағасын төмен қоюға жол ашады.

Тілшілерге таныстырылған соңғы нысан «PR - Wellness Club» ЖШС жаңа фитнес-клубы. Үш қабатты кешен Каспий теңізінің жағалауында орналасқан және заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Клуб мүшелері бассейнге, саунаға, фитнес-залға және 30-дан астам әр түрлі секцияларға

(кроссфит, стрип-пластика, зумба, йога және т.б.) шексіз қатыса алады.

228 қатысушыға арналған клуб ағымдағы жылдың мамыр айында ашылған болатын. Жобаны «Ресей Сбербанкі» ААҚ қаржыландырылған. Кәсіпкер «Пирамида» спорт кешеніне қажетті негізгі құрылғыларды алу ұшін 750,0 млн. теңге көлемінде несие алған. Жоба «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына қатысу аясында пайыздық мөлшерлеменің белгілі бір бөлігін қаржыландыру бойынша қолдау тапқан. «Біз осы жобаларды көрсету арқылы кәсіпкерлерге және жаңа кәсібін ашам деген адамдарға үкіметтік қолдау бағдарламаларының бар екенін және оларға қатысып, көмек алуға болатындығын көрсеткіміз келеді» дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ директоры Берік Нұралиев.

Не хабар (Атырау), № 27 (87), 12.08.2015,т

 

Біздің байланыс

Қазақстан Республикасы, Алматы қ., A05C9Y3
Гоголь көшесі, 111
Тел.: +7 (727) 244 55 66, 244 55 77
Факс: +7 (727) 278 07 76
Э-пошта: komek@fund.kz