«Даму-Көмек» көмекке келді /Венера Мирлан/

«Даму-Көмек» бағдарламасы аясында өз iсiн дөңгелеткiсi келетiн мүмкiндiгi шектеулi жандарға қолдау көрсету шарасы жалғасуда.

Жақында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Маңғыстау облысындағы аймақтық филиалы Маңғыстау ауданы Шетпе селосының тұрғыны,  екінші топтағы мүгедек Тілектес Жалғасовқа  демеушілік көмек ұйымдастырды. Қор «КИС-Актау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен Тілектес Жалғасовтың жеңіл автокөлігінің дөңгелектерін жаңартып берді.

Тілектес Жалғасов 50 жылдан бері жеңіл автокөлігімен жолаушыларды тасымалдап, күнделікті нәпақысын айырады. Тапқан табысы отбасын асыраудан артылмайды. Өйткені үйіндегі бірінші топтағы  мүгедек жұбайы мен бала-келіні, немерелері отағасының тапқан та­бысына қарап отыр. Кейіпкеріміз көлігін толықтай жаңалату үшін қордың аймақтық филиалына барып, өтініш білдірген. Нәтижесінде су жаңа көлік сатып алмаса да, автокөлігінің  дөңгелектерін жаңартып алды.

– Басылым беттерінен «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында мүгедек кәсіпкерлерге көрсетілетін көмек туралы оқыдым. Содан кейін қордың аймақтық филиалына өтініш білдірдім. Маған көмек көрсететін мейірімді адамдардың табылатындығына сендім. Енді міне, бүгін бағдарламаның шарапатын көрiп отырмын. Маған көмек қолын созған жандарға айтар алғысым шексіз. Жасым болса 70-ке келіп қалды, күн ұзаққа жолда жүріп, жолаушылар тасымалдау да маған оңай соқпасы анық. Сондықтан да енді ұлым жұмысқа орналасып кетсе, үйде табыс табатындардың қатары көбейер еді,-дейді Тілектес Жалғасов.

Сенім алдамады, қысылғанға қолдау көрсететін жомарт жандар табылды. Бұл жолғы жәрдем акциясына құрылыс материалдарын өндіру саласында жұмыс атқаратын «КИС-Актау» ЖШС көмектесті. Мекеме басшылығына «Даму» қоры атынан арнайы алғысхат табыс етіл­ді. Жалпы, Маңғыстау облысы бойынша «Даму-Көмек» бағдарламасы шеңберінде 2010 жылдан бері 50 мүгедек – кәсіпкерлерге демеушілік көмек көрсетілген.

Айкын (Алматы), № 156 (2788), 22.08.2015,т

 

Біздің байланыс

Қазақстан Республикасы, Алматы қ., A05C9Y3
Гоголь көшесі, 111
Тел.: +7 (727) 244 55 66, 244 55 77
Факс: +7 (727) 278 07 76
Э-пошта: komek@fund.kz