Кәсібі – кілт жасау /Серікбол Хасан/

Кәсіп бастаймын деген адамға бұл күнде бәрі дайын. Керек десеңіз, «Даму» қоры арқылы қажетті несие алудың да жолы қарастырылған. Мемлекеттің осындай мүмкіндігін пайдаланып бүгінде өз кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлер жетерлік. Соның бірі – Ғани Сырлыбаев.

Негізінде, Ғани – үшінші топтағы мүгедек. 2001 жылы жол апатына ұшырап, соның салдарынан жарымжан болып қалған. 2009 жылдан бастап мүгедектік тағайындалып, ай сайын 16 мың теңге көлемінде мем­лекеттік жәрдемақы беріліпті. Алайда, бұл қаражат күнделікті пайдаланатын дәрі-дәрмегінен ауыспайды екен.

– Жол апатынан кейін жұмыссыз қалдым. Үйге сыймадым, бос отырғым келмеді. Сөйтіп, аяқ киім жөндей­тін шеберхана ашқым келді. Бұған дейін аяқ киім жөндеп көрмеген едім. Физикалық күшті талап ететін еңбекке жарамсызбыз. Сонда да  аяқ киім жөндеп көргім келді. Зейнетақымнан жиып құрал-сайман сатып алдым. Жалға дүңгіршек тауып, кәсібімді бастадым. Аяқ киім жөндеу оңай емес екен, шұқыма жұмыстары көп. Содан болар, басында көп қиналдым. Алайда, жан күйзелісімді ешкімге байқатқым келмеді. Сөйтіп жүріп, бұған да үйреніп алдым. Бүгінде шеберханам арқылы отбасымды асырап отырмын, – дейді Ғани.

Бара-бара тек жөндеп қана қоймай, өзі де аяқ киім тіге бастапты. Шеберханасын ашқалы бері, тұтынушылары көбейген. Тіпті тұрақты түрде тапсырыс беретін адамдар да бар екен. Осылайша, бұл қызметке деген сұраныс жоғары екенін байқады. Құрал-жабдықтарды түгелдеп алды. Аяқ киім өлшемін кеңітетін құрылғы, аяқ киім тазалайтын станок-комбайн секілді саймандар сатып алды. Мұндай станоктың құны кемінде 700 мың теңге тұрады екен. Мұны Ғани «Жұлдыздарға қара» байқау-жобасы арқылы ұтып алған грантына сатып алыпты. Иә, Ғани Сырлыбаев облыста бірінші болып «Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамының «Құс жолы» корпоративтік қайырымдылық қоры мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бірлесіп ұйымдастырған «Жұлдыздарға қара» байқау-жобасының жеңімпазы болып, қайтарымсыз ақшалай грантқа ие болған еді. Бұдан бөлек Ғани «Даму» қорының көмегімен кілт жасайтын станок алды. Соның арқасында, аяқ киімнен бөлек, кілт жасап та табыс тауып отыр. 

– Тұтынушыларымның арасында кілт жасауды сұрағандар көбейді. Сөйтіп, кілт жасауды да ойластыра бастадым. Алайда оны ашуға қомақты қаражат керек болады. Сөйтіп жүргенде, мүгедек кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Даму-Көмек» қолдау көрсету бағдарламасы туралы естіп білдім. Бағдарламаға өтініш беріп, кілт жасауға арналған құрал-жабдықты сыйға алдым, – дейді Ғани.

Былай қарағанда, кілт жасау табысы аздау, кішігірім ғана кәсіп секілді көрінеді. Алайда табысы біз ойлағаннан мол екен. Өзіңіз ойлап көріңізші, бүгінде екінің бірі кілтін жоғалтады. Ал жоғалтқан кілт табылмайды. Сондайда кілт жасаушылардың қызметіне жүгінесіз. Сондықтан кілт жасау кәсібі – өте тиімді кәсіп.

Ол үшін не керек? Адам көп өтетін жерде 4 шаршы метрдей дүңгіршегіңіз, кілт жасауға арналған құрал-жабдығыңыз болса жетіп жатыр. Кілт жасайтын құрал-жабдық та қазір қымбат тұрмайды. Қытай өндірушілерінің станогы 75-120 мың теңге аралығында. Ал ең сапалы италиялық станок-жиынтық 150 мың теңге тұрады. Осы екеуін тапсаңыз, кәсібіңіз жүрді деген сөз.

Бір кілтті дайындау құны бүгінде кемінде 50 теңге тұрады. Ал сондай бір кілтті сатып алсаңыз, 500 теңге шығындайсыз. Қайсысы тиімді, жасатқан ба, әлде жаңасын сатып алған ба? Әрине, жасатқан жақсы. Қандай күрделі кілт болса да бар болғаны 3 – 5 минутта дайын болады.

Енді есептеп көріңіз, 150 мың теңгеге станок сатып алдық, 4 шаршы метр дүңгіршек үшін айына 6 000 теңге төлейміз, кілтке қажетті материалдар әр данасына 30 – 150 теңге аралығында. Сонда шамамен, 180 000 теңгеге шығындандық. Ал табыс қанша? Сағатына 10 кілт жасайтын болсаңыз, онда күніне 300 теңгеден 60 кілт дайындауға болады. Демек, бір күнде 18 000 теңге табыс табасыз деген сөз. Қалай, ыңғайлы ма?

Олай болса, кәсіп үйренуіміз керек екен. Ахмет Байтұрсынұлы «Бай болғың келсе, кәсіп үйрен» дегенді бекер айтпаған болар. Айтпақшы, жоғарыдағы кейіпкеріміз Ғанидің ендігі арманы тар дүңгіршегін кеңейту екен. Үлкен шеберхана ашып, кәсібін ұлғайтқысы келеді. Міне, еңбек адамының нағыз үлгісі.

Айкын (Алматы), № 157 (2789), 25.08.2015,т

 

Біздің байланыс

Қазақстан Республикасы, Алматы қ., A05C9Y3
Гоголь көшесі, 111
Тел.: +7 (727) 244 55 66, 244 55 77
Факс: +7 (727) 278 07 76
Э-пошта: komek@fund.kz