Шағын және орта бизнесті қолдау қарқыны сақталады /Эльмира Мәтібаева/

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басшысы мен қызметкерлері баспасөз мәслихатын өткізді.  Онда бұқараға осы күндері орын алып отырған теңгенің еркін бағамына орай айтарлықтай күрделі ахуалдың болмайтынына  байланысты бірқатар мәліметтер тарқатылып айтылды.

Бұл ретте қордың басқарма төрағасының орынбасары Дәулет Әбілқайыров шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру тек қана теңгемен жүзеге асырылып, сондықтан теңге бағамының түзетілуі «Даму» қоры заемшыларына кері әсер етпейтінін атап өтті. Дегенмен,  ол шетелдік валютамен берілген несиелерді субсидиялауға рұқсат етілетіндігін айта келе, қазіргі уақытта «Даму» қоры бағдарламасы бойынша жалпы сомасы  53 млрд. теңгені құрайтын  27 компания үшін шетел валютасындағы несиелерін субсидиялау  жүзеге асып жатқандығын жеткізді. Оның ішінде валюталық түсімі бар 11 кәсіпорын «Бизнестің жол картасы-2020»  бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының «Валюталық тәуекелдерді төмендету» атты үшінші бағыты бойынша қайта қаржыландырылды. Бұл ретте  «Даму» қоры қарыз алушыларының арасындағы шетелдің валюта несиелерінің үлесі аз ғана және бар болғаны 3, 85% құрайтындығы аталып өтілді.

Сонымен қатар, ол   аталған қордың 228 млн. долларға Азия даму банкінен үшінші траншты тарту жоспарымен таныстырып,  бұған қоса шағын және орта бизнесті несиелендіру теңгелей іске асырылатындығы жөнінде  кеңінен әңгімеледі.

Д.Әбілқайыровтың айтуынша, «Даму» қорының валюталық қатері екінші деңгейлі банктердің АҚШ долларын теңгеге айырбастау бойынша валюталық-пайыздық айырбас операциясы жолымен хеджирленеді. Үшінші транш ағымдағы  жылдың соңына дейін түседі деп күтілуде. Олар ШОБ субъектілері үшін айналым қаражаты мен негізгі қорды сатып алуға бағытталады, деді ол. Сондай-ақ, АДБ бағдарламасы шағын және орта бизнестің қызмет салаларын кеңінен қамтуды қамтамасыз ететін салалық шектеулердің болмайтындығын қарастыратындығын айта келе, қосымша үш мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отырғандығына тоқталды. Және де  Азия даму банкіндегі қаржылай бағдарламаға 1300-ден астам  қарыз алушыны қатыстыру қарастырылуда.

Бұл орайда теңге бағамын түзету кәсіпкерлік ахуалға салқынын тигізе қоймайтынын, келешекте кәсіпкерлер жұмысының жандана түсу ықтималдығы аталып өтілді.  «Даму» қоры шағын және орта бизнеске қолдау көрсету қарқынын төмендетпейді,  керісінше, оларға көмек қолын созуда біздің тараптан оң жағдайлар жасалатын болады, деді. Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының нәтижесі бойынша  5 536 қарыз алушы 1 143 млрд.теңге көлемінде несие алған.  Ағымдағы жылы субсидиялау құралына қолжетімділік айтарлықтай өсіп,  моно және шағын қалалар мен ауылдық елді мекен кәсіпкерлері үшін 10% мөлшеріндегі субсидиялау салалық шектеусіз берілуде, деді.  Сондай-ақ, ол  өңдеу өнеркәсібінің басым салаларындағы кәсіпкерлер үшін субсидиялау мөлшері 10%-ға дейін көтерілсе,  экономиканың өзге де басым секторлары үшін субсидиялау мөлшері 7%-ға тең екендігін көлденең тартты.

Егемен Казакстан (Астана),№ 162 (28640), 26.08.2015,т

 

Біздің байланыс

Қазақстан Республикасы, Алматы қ., A05C9Y3
Гоголь көшесі, 111
Тел.: +7 (727) 244 55 66, 244 55 77
Факс: +7 (727) 278 07 76
Э-пошта: komek@fund.kz