“Даму” демеген жобалар /Кенжетай Қайрақбаев/

«Даму» қорының бастамасымен шағын және орта бизнесті дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аймағымызда жүзеге асырылуымен танысу мақсатында БАҚ өкілдері арасында пресс-тур ұйымдастырылды. Пресс-тур барысында «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Жансұлтан Матаев атқарылған жұмыстар жайында айтып өтті.

Алғашқы нысан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында орналасқан сервистік кешен болды. Жол бойындағы «Амангелді» атындағы екі қабатты ғимарат әзірге жолаушыларға техникалық қызмет көрсету, дәмхана және қонақ үй қызметтерін ұсынып келеді. Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта өңірге келген саяхатшылар мен аймақ тұрғындарына атқа мініп серуендеуге мүмкіндік жасалады. Яғни, бұл жер келешекте демалуға таптырмас орын болмақ.

Кәсіпкер Р.Сейітжаппарова 2011 жылдан бастап жылқы бағумен айналысып келеді. Бүгінде ол бауырларымен бірге сервистік кешеннің қызметін үйлестіруге күш салып отыр. Қазіргі таңда кешенде 15 адам жұмыс жасайды, ал жоба толықтай жүзеге асқан жағдайда 70-ке жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қолдауға ие болған кәсіпкер «Даму» қоры арқылы «ВТБ Банк» АҚ-мен 100 млн теңге несие рәсімдеген. Оның айтуынша, несиені өтеу жоба толық жүзеге аса бастаған уақытта қолға алынады екен.

Жеке кәсіпкер Ерніс Түлендиевтің өндірістік базасында да жұмыс қарқынды. Көп жылдар бойы мұнай саласында біраз жобаларды жүзеге асырған ол бүгінде құрылысқа қажетті темір ілмек және арқан шығарумен айналысады. Мұнда өндірілген өнімдер жүк көліктеріне қажетті жабдықтар. Мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінген кәсіпкер өз өндірісін кеңейту мақсатында «Даму» қорының қолдауымен несие алған. Бүгінде өзіне берілген 10 млн теңге қаражатқа мата ілмектері мен арқандар шығарып, өнімдер бүгінде базарларда және арнайы дүкендерде сатылып келеді. Шикізат Қытай және Ресей елдерінен келеді. Әзірге өз өнімін облыс көлемінде таратып үлгерген кәсіпкер алдағы уақытта тапсырыс болған жағдайда өзге өңірлердің де сұранысын қамти алатынын жеткізді.

Мемлекет тарапынан қолдау тапқан тағы бір өндіріс орны – «Сыр қанағаты» ЖШС. Серіктестік баспа-полиграфиялық ісімен 5 жылдан бері айналысып келеді. Кәсіпкер Нұғыман Аймаханов осы салада 16 жылдан бері жұмыс жасайды. Өз ісін жетік меңгерген басшы сөзінде серіктестікке тапсырыс берушілер тек өңірімізден ғана емес, сондай-ақ еліміздің басқа аймақтарынан да жетіп артылады екен. Өзге өңірлермен де жұмысты жолға қойған баспахана біз барғанда Солтүстік Қазақстан облысынан түскен тапсырысты аяқтап жатты. Осының алдында Орал қаласының тапсырысын өз уақытында орындаған. Кәсіпорын баспалық және полиграфиялық қызметтен өзге, естелік сыйлық қағаздарын да шығарады. Өндіріс орнына баспаға қажетті қағаздар Қытайдан келеді. Кәсіпорында қолданылатын бағалы қағаздар бұрынғы ТМД елдерінің ешбірінде жоқ көрінеді. Сондықтан да шығарған өнімі жоғары сапалы болып отыр. Нәтижесінде кәсіпорын өніміне сұраныс та уақыт өткен сайын артып келеді. Екінші деңгейлі банктен 40 млн теңге көлемінде несие алып,«Сыр қанағаты» ЖШС қаражатқа өндіріс қуатын арттырып, жаңа қызмет түрін жасауды да қолға алған.

Бүгінде өзінің өнімімен аймаққа танымал болған «Сластёна» кондитерлік цехы қанатын кеңге жайыпты. Жеке кәсіпкер Лариса Ким 2006 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналыса бастаған. «Сластёна» атауымен кондитерлік және нан өнімдерін шығаратын кәсіпкер 9 жыл ішінде цехты өңірдің үздік өнім өндірушілерінің қатарына қосты. Бүгінде бұл кәсіпорынның сапалы өнімдеріне сұраныстың жоғары, әрі оның тұрақты тұтынушылары да жеткілікті екені белгілі. БАҚ өкілдеріне өз кәсібі жайында кәсіпкер Л.Ким цехтан шығатын өнімдердің қоспаларына тек отандық өнімдерді пайдаланатынын жеткізді. Мемлекеттік бағдарламаға жүгініп, цехтың жұмысын кеңейтіп, «Legacy PUB» дәмханасын ашты. Шағын кәсіпкерліктің дамуына қолдау білдіретін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерге 39 млн теңге қаражат бөлінді.

Жалпы өңір кәсіпкерлері мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде. Бағдарлама жүзеге асқан уақыттан бастап аймағымызда қор тарапынан 302 жобамен субсидияландыру келісімшарты жасалған. Өңірімізде төленген субсидия көлемі қазіргі таңда 2,2 млрд теңгені құрап отыр. 93 жобаға жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрайтын «Даму» қорының кепілдендіруі берілген. Кепілдендіру келісімшартының рейтингі бойынша, Сыр өңірі республикада 6-орында.

Сыр бойы (Кызылорда), №187 (19075), 10.12.2015,т

 

Біздің байланыс

Қазақстан Республикасы, Алматы қ., A05C9Y3
Гоголь көшесі, 111
Тел.: +7 (727) 244 55 66, 244 55 77
Факс: +7 (727) 278 07 76
Э-пошта: komek@fund.kz