Жоба арқылы жұмысын жалғастырады

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Маңғыстау облысындағы аймақтық филиалы «Жұлдыздарға қара» жобасының кезекті жеңімпаздарын марапаттады.

Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі екі кәсіпкер өздерінің бизнес жоспарларын жүзеге асыруға гранттық көмек ұтып алды.

– Елімізде «Құс жолы» қорының «Жұлдыздарға қара» жобасы Қазкоммерцбанктің қолдауымен 2005 жылдан бері жүзеге асып келеді. «Жұлдыздарға қара» жобасы байқау түрінде өтеді және екі кезеңнен тұрады. Маңғыстау облысы бойынша 2015 жылы жалпы 12 арыз қабылданған болатын, жобаның бірінші кезеңіне облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі жеті кәсіпкер қатысты, олардың үшеуі бастаушы және жеке бизнеспен айналысып жүрген кәсіпкерлер. Қазылар алқасының шешімі бойынша жоба жеңімпаздары грантқа ие болды. Ал екінші кезеңге берілген арыз саны бесеу болатын, олардың ішінен екі мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерді үздік деп танып, қолдау көрсетуді жөн санадық. Әрбір гранттың құны – 100 мың теңгеден бастап 300 мың теңгеге дейін. Жалпы, жобаға мүгедектік тобы берілген, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын немесе кәсібін жаңадан бастаған еліміздің кәмелеттік жасқа толған азаматтары қатыса алады, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» бағдарламалар бойынша біліктілікті арттыру менеджері Абай Момбеков.

Жоба арқылы жұмысын жалғастыруға көмек алған кәсіпкердің бірі – Тұпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының тұрғыны Ақберді Тоғжанов болатын. Алғашқы еңбек жолын экскваторшы болып бастаған Ақберді аға бір жылдары денсаулығы сыр беріп, жүрегіне ота жасатыпты. Кейін екінші топтағы мүгедек саналып, жұмыс жасауға қабілеті болмағандықтан отбасылық кәсібін жандандыруға бел байлапты. Осылайша, аймақта ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алған кәсіпкер бүгінде ешкі мен сиыр, тауық өсірумен айналысып, кәсібін ұршықша үйіріп отыр. Бұл жолы «Құс жолы» бағдарламасы арқылы кәсіпкерге қуаттылығы 7,5 кВт, құны 207 200 теңгені құрайтын Pit – генераторы сыйға берілді.

– Бүгінде ешкінің сүтіне сұраныс көп, өнімдерімді көбіне қаладағы «Сары базарға» тапсырамын. Күніне 4-5 литр сүт аламын, 11 ешкім бар, оның тек төртеуін ғана сауамын. Ешкілерді Ақтөбе облысынан алып келдім. Бұған дейін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы несие алып, екі сиыр сатып алдым. Бір сиырдың өзі күніне 20 литр сүт береді, 4 келі ірімшік пен құрт дайындап, сатамыз. Түскен қаражатпен несиемізді жауып, отбасымызды асырап отырмыз. Жерім бар, сол жерде қора салдым, болашақта кәсібімді өркендетіп, облыста ешкі бизнесін өркендетуге үлес қосқым келеді, – дейді Ақберді Тоғжанов. 

Жобаның тағы бір жеңімпазы – Ақтау қаласының тұрғыны, екінші топтағы мүгедек Рүстем Жұмағазиев. Корпустық жиһаз дайындаумен айналысатын Рүстем грант қаражаты арқылы алынған фрезер станогы, жұқа ара, сымсыз бұрағыш және бұрғылау арқылы кәсібін өркендетуді жоспарлап отыр.

– Жалпы, осы кәсіппен 17 жылдан бері айналысып келемін. Біраз жылдар жиһаз цехтарында жиһаз жинаушы және өндіруші болып жұмыс жасадым. 2000 жылдары денсаулығым сыр беріп, ауырып бастаған соң, жеке отбасылық кәсіпті қолға алдым. Тапсырыстарды көбіне қала тұрғындарынан, балабақшалардан қабылдаймын. Өкінішке қарай, қажетті құрал-жабдықтардың болмауынан өлшем жасауға, кесу үшін жиһаз цехтарынан қажетті жабдықтарды жалға алып жүрдім. «Құс жолы» жобасы жайында газет беттерінен, интернеттен оқып, «Даму қорына» келіп жолықтым. Бүгін міне, арнайы грант ұтып алып, жұмысыма қажетті жабдықтарды алып отырмын. Өте қуаныштымын. Кәсіпкерлікпен айналысамын деген жандарға әрдайым мемлекеттен осындай қолдаулар көрсетіле берсе деген тілегім бар, – дейді Рүстем Жұмағазиев.

Айкын (Алматы), № 244 (2876), 31.12.2015,т

 

Біздің байланыс

Қазақстан Республикасы, Алматы қ., A05C9Y3
Гоголь көшесі, 111
Тел.: +7 (727) 244 55 66, 244 55 77
Факс: +7 (727) 278 07 76
Э-пошта: komek@fund.kz